wrapper

Последние

Көсіліп жатқан дала төсіне, керіліп жатқан жазыққа Тентек өзені еркелей оратыла келіп ерекше көрік береді. Құмы алтындай жарқырап, суы бал татиды.

Жағасы жасыл желекпен жайқалып, көктегі күнге жаудырай, жарқырай қарайды. Мөлт-мөлт етіп елтеді. Қойны сазанға толы. Тасыса су бармаған ұлтарақтай жер қалмайды. Ал жаздың шіліңгір ыстығында су жайылған осы аймақ изен мен жусанға толып кетеді.  Бұл өңір Талапкер ауылы деп аталады.

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демекші, осындай көрікті жерде Кизат Мукубаева 1958 жылғы 18 ақпанда  малшы отбасында дүниеге келді. Әкесі Жұмаш пен анасы Несіпханнан тараған он перзент Талапкер ауылының шаңын бұрқыратып, бақытты балалық шағының бал күндерін өткізеді. Өз ата-анасының бауырында, бауырларымен барды бөлісіп, бауырмалдықты ту етіп үйренген, қазақы тәрбиеленген Кизат балалық шағында  өзін бақытты сезінді.  1975 жылы мектепті аяқтап, Өскемен қаласындағы сауда техникумына түседі.

Тегінде, қандай мамандықты қалап алсаң да адамзаттың алтын уақытты тәрк ете жүріп жететін белесі, асыл арманы болары һақ. Өмір кетігіне кірпіш болып қалануды мақсат тұтқан Кизат та сол арманның жетегімен техникумды аяқтап, еңбек жолын бастайды. Бойында қарапайымдылық пен қайсарлықтың дәні көктеген барша қазақ қыздары сияқты біздің кейіпкеріміз де үздіксіз ізденді. Талпынып, талаптанды. 1985–1992 жылдар аралығында қоғамдық тамақтану комбинатында жұмыс істеп, жастық жігерінің жеті жылын осы кәсіпорынға арнады. 

Сөйтіп, 1997-1998 жылдардағы тоқырау комбинаттың жабылуына әкеліп соғады. Көппен  бірге Кизат та жұмыссыз қалады. Әуелде жаңа термин болып енген бизнес ұғымын көпшілік бірден ұға қойған жоқ. Бұл ұғым ала сөмке арқалаудан әлдеқайда алыс екенін көпшілігіміз сезіне алмадық. Алғашында бауыры Совет екеуі бірігіп ұн алып, ауыл-ауылды аралап сатты. Қаражаты мардымсыз ауыл тұрғындары үшін аудан орталығына барып ұн алуға қосымша қаражат жұмсағаннан, көлік іздегеннен гөрі  ауылға келіп тұрған ұнды сатып алу тиімді болды. Бір есептен бұл ауылға да, сатушыға да қолайлы еді. Жылдар өте жағдайы жақсарған ел үшін енді дайын нанға деген сұраныс артты. Осы тұста Кизаттың ойына  нан пісіріп сату идеясы келді. Әркімнің балалық шағынан, ата-анасының ыстық ұясынан алатын көрген-білгені мен көкейге түйгені болады. Кизаттың әжесі Медине ана да балаларына өсетін кәсіп, өркендейтін нәсіп берген екен, иманды болғыр. Үйіне орыс пешін салдырып, осы пешке үнемі бөлке салыпты. Сөйтіп, балаларына дәмді нан жегізіп қана қоймай, ауыл-аймақтың тойында қалаштың түр-түрін пісіріп береді екен жарықтық. Нан ашытқысының өзін немересін, осы  Кизатты ертіп, тоғайға барып жинайды. Нақтырақ айтқанда, құлмақты жинап, содан жасауды үйреткен де осы әжесі-тұғын. Міне, қазақтың көреген аналары балаларының қанатын осылай қатайтқан.

Бұл күнде сол балапаны – қанаты қатайған Кизаты: «Әжем үнемі Алла алдында сауап, адам алдында жақсылық алудың үш жолы бар екенін айтудан жалықпайтын еді», – деп еске алады. Оның бірі – шөлден құдық қазу, келесі бірі – жол бойына ағаш отырғызу болса, үшіншісі – өзенге көпір салу. Бұлай болғанда, адам баласының  қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасау да сауап емес пе?! Мәселен, қараша халық үшін  дайын, балғын, ыстық нанның  болуы – шөлден қазған құдықпен, ағаш көлеңкесіндей саямен, өзенге салған көпірмен тең  емей немене?! Олай болса, халыққа нан ұсыну  осы үш сауаптың да басын біріктірмек. Осы ойлар Кизатты екінші мәрте нар тәуекелге бел будырды. Сөйтіп қазіргі кезде тасы өрге домалап тұрған «Мерей Әсем» ЖШС  мен ауданымыздың іргелі «Медине Ана» құрылыс және шаруашылық заттары сауда үйінің жұмысы басталды.

Осылайша, бұл күнде еліміздің сандаған жас бизнес иелері өз тұсауларын өздері кесіп, қиындықтың күрмеуін шеше бастады. Оны дәл Кизаттай ешкім шынайы бағалап, терең түйсіне алмайтын да сияқты. Оны түйсіну үшін алдымен Кизаттың жүріп өткен жолы мен аққан терін қайталау қажет. Бүгінде  Кизат өткенді ой елегінен өткізгенде «жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп»  талай өткелден өткенін, сан ауыртпалықтармен бетпе-бет келіп, сол қиындықтың белшесінен басып, бауырымен бірге мыңдаған кедергіні еңсергенін  көреді.

Дәйім алға ұмтылу – ол заңды құбылыс. Ұмтыла алмау – сорақылық. Осы  ұмтылыс  Кизатты алға жетеледі. Бос қалған автокөлік базасының клубы болған ғимаратқа пеш салып, нан пісіруге бел байлады. Алғашында наубайхана ұнды диірменнен қарызға алды. Нанның ашытқысын әжесі марқұм Мединенің үйреткеніндей құлмақтан жасады. Пешке ағаш отын жақты. Сол күндерде екі жұмысшымен күніне 20 бөлке нан дайындайтын. Ал қазір ше? Бүгінде наубайханаға заманауи пеш орнатылған. Әрі оның бәрі тоқпен жұмыс істейді. Қазір мұнда 25 жұмысшы 3 ауысымда  күніне 1000-нан астам бөлке нан пісіріп, көптің ақ батасын алуда. 

Осылайша, 2000 жылы ашылған «Мерей-Әсем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі халыққа риясыз қызмет етумен қатар біршама жанды жұмыспен қамтып, бала-шағасын асырауына септігін тигізуде. Бүгінде наубайхана нан таситын және ұн тасымалдауға арналған жүк  көлігін, нан илейтін, нан елейтін, иленген қамырды бөлетін құрылғыларды толықтырып алған. Дайын өнімді сатуға арналған арнайы нан дүкені де бар. Бұл дегеніңіз тек қана жеке бастың қамын күйттеу емес, тиісінше, Елбасының сарабдал саясатына қосылған үлес. 

Ендігі кезекте наубайхана шаруашылығын әлі де дамыта түсіп, инновациялық пештер қойып, халықты сұранысы бойынша кебектен, қара бидай ұнынан пісірілетін нан түрлерімен қамтамасыз ету ойында бар. Осы мақсатқа жету барысында жұмысшылардың да біліктілігін арттыруды, үлкен қалаларға оқуға жіберуді көздейді. Наубайхана бұл күнде қала халқын ғана емес, әскери гарнизонды, аурухананы, балабақшаларды нанмен қамтамасыз етеді. Іс ілгерілеп, табыс молайған соң құрылыс және шаруашылық заттарын сататын сауда үйі де өмірге келді. Ол да жағдайы жақсарып, күн санап экономикасы көтеріліп келе жатқан алакөлдіктердің сұранысын қанағаттандырып,  құрылыс заттарын алыстан іздемеуге үлкен  септігін тигізуде. Бұл дүкенде де 12 адам жұмыспен қамтылған. Әр жұмысшыға зейнетақы жарнасы аударылып тұрады. 

Былтыр пайдалануға берілген осы жаңа сауда үйінің  атын «Медине Ана» атауында да үлкен мән бар. Бұл анасын пір тұтатын әр қазақтың жүрегіндегі имандылық. Жұмақты анасының табанының астынан іздейтін қазақтың қанына сіңген сауабы мол бір әдет. Қазіргі аудан  тірлігінің күретамырына айналған ірі наубайхана мен құрылыс және шаруашылық заттары сауда үйінің іргетасының қалануына сона-а-ау жылдары әсерін тигізіп кеткен асыл әжеге деген құрмет.

Бұл күнде Кизат басқарып отырған ЖШС ауданда өткізілетін көптеген игі іс-шараларға мұрындық болып қана қоймай, қомақты үлестерін қосып, демеушілік те танытуда. Осы жетістікке жетуде інісі Совет үнемі қасынан табылып, атақтарын бірге асқақтатты. Бұл барыста екеуінің еңбегі де еленіп жатыр. Кизат пен Советтің жетістігі біраз жыл бұрын аудан, содан барып облыс  көлемінде атап өтілсе, бұл күнде, дәлірек айтсақ  2013 – 2015 жылдар аралығында қатарынан үш жыл ұлттық бизнес-рейтингтің күміс жүлдесін жеңіп алды. Інісі Совет 2015, 2016 жылдары екі мәрте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. «Парасат» орденінің иегері.  Кизат үздік көрсеткіштері үшін берілетін арнайы медальдің, сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіхалықованың Алғыс хатының иегері атанған. Ауданымызда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жоғары жетістіктерге жетіп, орта және шағын бизнес саласының дамуына зор үлес қосқаны үшін бірнеше жыл қатарынан «Үздік кәсіпкер» деп танылды. Әрине, мұндай марапаттың бәрі бір күнде келген жоқ-ты. Себебі, бұл қазақтың байлықты «не баққан малдан сұрау керек, не аққан терден сұрау керек» қағидасының өміршеңдігі.

Жеке өмірде берекелі отбасының отағасы – Әбіш, отанасы – Кизат. Қыздары – Марал мен Айнұр, ұлы – Қуат. Үш баласы да үйленген. Бұл күнде Кизат пен Әбіш жеті немеренің тәтті қылығына бөленулі. Өздері Медине әжесінен үйренгендей, Кизат та немерелерін ұлттық құндылыққа, ата-баба дәстүрін жалғастыруға, білім мен еңбекті қатар алып жүруге үйретуде.

Өткен жылы кәсіпкер мемлекетке 20 миллион теңгеге жуық салық төледі. Осылайша  бауыры Советпен бірлесе жүріп құрған бизнесі ширек ғасыр елімізге қызмет етіп, Елбасының сарабдал саясатына өзіндік үлесін қосып келеді. «Халқына берген қанаттанады, өзгелерден биік ұшады» деген халық даналығы көшбасшы кәсіпкерлер Кизат пен оның інісі Советке арналғандай…

Автор: Мукубаева Қизат Жұмашқызы

Авторизуйтесь, чтобы получить возможность оставлять комментарии

О Коалиции

ОЮЛ Коалиция за «зеленую» экономику и развитие G-Global» сегодня является признанным в стране общественным и экспертным институтом по «зеленой экономике», а также входит в Совет по «зелёной экономике» при Президенте Республики Казахстан

Facebook