wrapper

Последние

«Мен 1991 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының Қосарал ауылында дүниеге келдім. Тату-тәтті отбасында апалы-сіңлілі үш қыз өстік.

2009 жылы орта мектепті бітірген соң, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтына оқуға түсіп, 2013 жылы экономист мамандығын меңгеріп шықтым. 2015 жылы Малайзия мемлекетінде ағылшын тілін тереңдетіп оқыдым. Өз қалауым бойынша, психология, нумерология салаларынан да дәріс алдым. 2016 жылдан бері «Айкөркем» шаруа қожалығының директорының орынбасары қызметін атқарып келемін. Сондай-ақ, Атырау облысындағы Іске әйелдер қауымдастығының мүшесімін. Мен мал шаруашылығы саласына кездейсоқ келген жан емеспін. Біздің отбасымыздың мал шаруашылығымен айналысқанына 20 жылдан астам уақыт өтті.

«Айкөркем» шаруа қожалығы 2012 жылы әкем Берікқали Күсесовтың басшылығымен құрылды. Бастапқыда меншігінде небәрі 20 сиыр, 35 қой, 2 жылқы болды. Бүгінде мал басы өсіп, қожалықта 150 бас жылқы, 450 бас сиыр, 1200 бас қой және 4 түйе бар. Бұрын тек мал өсіріп, ет сатумен айналысқан шаруашылық қазір шұжық, қазы сияқты ет өнімдерін де шығарады. Өз басым үлкен мекеме басшының орынбасары ретінде оны жаңа заманның талаптарынан, уақыт ағымынан қалдырмауға, яғни, әкем мен анамның үмітін ақтауға бар күш-жігерімді салып келемін. Шаруашылықтан бөлек, жиған тәжірибемді, бизнес әлемінде көрген-түйгенімді өз қатарластарыма, кейінгі жастарға тарату жүруді алдыма мақсат етіп қойдым. Байқағаным, көптеген жастар іс бастауға ниетті адамға мемлекет тарапынан зор мүмкіндіктердің ұсынылып отырғанынан хабарсыз, қаржы институттары ұсынатын жеңілдіктерді де білмейді. Мен кездесулер барысында әрдайым ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап келемін. Мұны қоғам алдындағы өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін.

Дарынды жастар мен жас көшбасшыларды қолдауға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған республикалық «Ел үміті» марафонына Атырау облысының атынан қатысып, Елбасымен кездесуім мен үшін ұмытылмас оқиға болды. Еліңнің, ата-анаңның үкілеген үміті екеніңді сезінгеннен артық бақыт болмайтынын ұқтым. Сол үмітті ақтау жолында бар күш-қайратымды жұмсаймын! Мен — болашаққа тәуелсіз елімізбен бірге қадам басып келе жатқан бақытты ұрпақтың өкілімін. Бүгінге дейінгі жетістіктерімнің құпиясы әр ісімді әрдайым шын ықыласыммен атқарып, «елімізді өркендетуге үлес қоссам» деген нақты мақсат жолында жүргендігімде болса керек. Біздің ұжым бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы сезінеді. Қоғамның қолдауға зәру, әлжуаз топтарына үнемі көмек көрсетіп келеміз. Әлемді шарпыған пандемия кезінде де алғашқылардың бірі болып қиналған жандарға қол ұшын создық. Өзім еріктілердің қатарынан табылып, «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясындағы еңбегім үшін Елбасының Алғыс хатымен марапатталдым.

Жұмыстың оңайы болмайтынымен келісемін. Соның ішінде кәсіпкерлікке жылдың он екі айының әр күнінде тынымсыз еңбегіңді арнауың керек. Үнемі ат үстінде дегендей, дамыл таппай, шапқылап жүргеннің, әр қадамыңды алдын ала кесіп-пішіп отырғанның өзінде, алдыңнан кейбір сәтсіздіктер шығуы мүмкін. Оған дайын болуың керек, өйткені бұл саланың ерекшелігі де осындай. Өкінішке қарай, ауылда қызкеліншектердің бизнес саласындағы белсенділігі әлі де төмен. Қазір тұтынушылар денсаулыққа пайдалы, табиғи өнімді таңдайды. Ауыл үшін бұл — үлкен мүмкіндік. Қаладағы тұтынушылардың көпшілігі ауыл өнімін қанша уақыт болса да күтіп, тапсырыспен алдыратынын күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз. Ауылда отырып өндірген өнімін тек өз қалаларымыз ғана емес, көршілес елдерге өткізіп жүрген кәсіпкерлерде бар. Адамда табысқа жетуге деген шынайы ниет пен ұмтылыс болса, алынбайтын қамал жоқ.

Авторизуйтесь, чтобы получить возможность оставлять комментарии

О Коалиции

ОЮЛ Коалиция за «зеленую» экономику и развитие G-Global» сегодня является признанным в стране общественным и экспертным институтом по «зеленой экономике», а также входит в Совет по «зелёной экономике» при Президенте Республики Казахстан

Facebook