wrapper

Последние

Бүгін ZOOM онлайн-алаңында Ақтөбе облысындағы ауыл әйелдерінің форумы өтті. Аталмыш форумды Халықаралық Coca-Cola қорының қолдауымен «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ ұйымдастырды.

Форум барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мақсатында істеліп жатқан жұмыстар туралы айтылып, елді мекендердегі әйелдер қауымының кәсіп ашуына қолдау көрсету үшін қолға алынған шаралар баяндалды. Жиынға қатысқан кәсіпкерлердің сөзіне сүйенсек, олар тек өз кәсібін ашып қана қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Осы орайда форумда көтерілген мәселелер мен жетістікке жеткен әйелдердің әңгімесін Strategy2050.kz тілшісі дайындаған материалдан оқи аласыздар.

Жиын Қазақстанның ауыл әйелдері форумының негізін қалаушы, ауыл тұрғындарын қолдау жөніндегі әлеуметтік жобалардың бастамашысы және ұйымдастырушысы, Салтанат Рахимбекованы еске алуға арналған бейнеролик көрсетумен басталды.

Кейін «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов коалицияның жұмысына тоқталып, осыған дейін жасалған жұмыстар жөнінде айтып берді.

«Жасыл экономиканы дамытудың жеті негізгі бағыты бойынша бірқатар жоба іске асып жатыр. Жаңартылған энергия көздерін енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы энергия тиімділігі, ауыл шаруашылығындағы органикалық ауыл шаруашылығын дамыту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, су ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін арнайы жобалар қолға алынды. Осы мақсатта еліміздің 8 облысында жасыл технологияның орталықтары ашылды. Сонымен қоса «Arnasay» жасыл технологиялық орталығы жұмысын бастады. «Жасыл технологияның ұлттық академиясы» ашылып, онда 7000 адам оқытылды», - деді мекеменің басқарма директоры.

Сонымен қатар Асқар Сүлейменов 2019 жылы Ақтөбе облысы ауыл әйелдерінің форумына 150-ден астам адам қатысқанын еске салды. Ал бұл форум оның сөзінше, республика бойынша жоспарланған 14 форумның екіншісі. Осы өңірлік форумдардың қорытындысы негізінде қараша айында Ауыл әйелдерінің ІІІ республикалық форумы өтпекші.

«Бұл форумның мақсаты - ауыл мен ауыл аумағының тұрақты дамуы, тұрғындарының ілеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына ат салысып, табысының көбеюіне жағдай жасау, «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру, ауыл әйелдерінің өз кәсібін ашып, оны жетілдіруіне жәрдем беру, ауалды елді мекендерде жасыл технологияны енгізіп, тарату. 2020 жылдың соңына дейін Қазақстандағы 10000 ауыл әйелі блиц-тренингтен өтіп, ауылда өз бизнесін құруға және дамытуға мүмкіндік алатын болады», - деді Асхат Сүлейменов.

Ақтөбе облысында кәсіпкерлік саласындағы ауыл әйелдердің белсенділігі артып келеді

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет форумда жоба аясында ауылдық жерлерге қазіргі заманғы аграрлық технологияларды кеңінен тарту, кәсіпкерлерді  ауыл шаруашылығы  өндірісінің озық дағдыларына баулу, жаппай оқыту, саланы басқаруды жақсарту бойынша басқа да шаралар көзделгенін атап өтті. Оның сөзінше, оны іске асыруда ауыл әйелдеріне көп үміт артылады, өйткені қазіргі кезде ауылда жұмыс істейтіндердің басым бөлігі - әйелдер.

Оның сөзіне сүйенсек, Ақтөбенің әйел азаматтары кәсіпкерлік саласында белсенділік танытып келеді. Мәселен, 2020 жылдың 3 тоқсанында қызмет етіп тұрған шағын және орта бизнес субъектілеріндегі әйелдердің үлесі 44,5%-ды құрады Бұған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да оң әсер етуде. «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кепілдендіру, мемлекеттік гранттар ұсыну механизмдері арқылы үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында қазіргі таңда 163 қыз-келіншек шаруа қожалығын басқарып жүр.

«Өңірде әйел кәсіпкерлігін дамыту мақсатында дәстүрлі қолөнерге негізделген мастер класс, тренингтер, семинарлар өткізіліп, шараға 500-ге жуық әйел қатысты. Атап айтсақ, биыл Ақтөбе облысының ауыл әйелдері арасында кәсіпкерлікті қолдау механизмдерін түсіндіру мақсатында онлайн түрде блиц-тренингтер өткізілді. 400-ден астам кәсіпкер, көпбалалы ана, жұмыссыз, АСП-алушы ауыл әйелдері қатысты. Соның ішінен 10 әйел «Coca-Cola белестері» грант алу жобасына қатысуда. Бүгінгі форумды пайдалана отырып «Coca-Cola белестері» жобасының ұймдастырушылары гранттан үміткер Ақтөбе облысы әйелдері бастамаларына қолдау көрсетеді деп сенемін», - деді ол.

Сонымен қоса ол мемлекеттік қызметкерлердің 58%-ға жуығын, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 72% және білім беру саласы қызметкерлерінің 89%-ға жуығын әйелдер құрайды. Шешім қабылдау деңгейіндегі әйел азматтардың үлес салмағы –25%, ал әйелдердің мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларға қатысуы 50%-ға жеткен.

Оның дерегінше, 2020 жылы ІІ тоқсанда жұмысқа қабілетті жұмыс күші 438 929 адамды құраса, оның 207 010-і әйелдер (48,5%), ауыл әйелдері – 56 281. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы жұмыспен оларды қамту, бизнеске тарту шаралары алынуда.  

Ақтөбе облысындағы «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асуы

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова «Ауыл халқын қолдауға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының іске асуына тоқталды.

Басқарма басшысының сөзінше, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықты, оның ішінде ауылдық жерлердегі әйелдерді жұмыспен қамту проблемаларын табысты шешуге ауылдық жерлерде тұратын жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау мақсатында бірқатар шараны қабылдаған.

- кәсіби дайындық және қысқа мерзімді оқыту

- "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту

- бизнесті дамытуға немесе ашуға микрокредиттер, гранттар беру

- Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын құру есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету

- әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне жұмысқа орналастыру

Жалпы оның сөзінше, бағдарлама әйелдер қызметінің баламалы түрлерін, оның ішінде көп балалы және икемді еңбек режимдерін - толық емес жұмыс уақытын, уақытша жұмыспен қамтуды, шарт бойынша жұмыстыкеңінен дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау көзделеді.

«2019 жылы бағдарламаның іс-шараларына 43 132 адам тартылды, оның ішінде 20 070-і -әйелдер (46,5%). Биыл әйелдердің бағдарламаның жоғарыда аталған бағыттарына қатысуының өсуі байқалып отыр. Бүгінде олардың саны 14331 адамды немесе бағдарламаның барлық қатысушыларының 44,7% - ын құрады», - деді Бұлбұл Елеусінова.

Оның сөзінше, бағдарламаның І-бағытын іске асыру шеңберінде жұмыссыздарға, оның ішінде жұмысқа орналасуда қиындығы бар әйелдерге көмек көрсету үшін стипендия (ай сайын 21,7 мың теңге) және білім алушылар тұрақты тұратын елді мекендерден тыс орналасқан білім беру ұйымдарында оқу үшін материалдық көмек төлей отырып, тегін кәсіптік оқыту көзделген. Қазіргі таңда бұл 5 АЕК немесе оқудың әр айы үшін 13255 теңге, жол жүру үшін 4 АЕК немесе 10604 теңге төленеді. Қысқа мерзімді оқудың ұзақтығы - 1-6 айға дейін. Оқыту жыл сайын жүзеге асырылады. Барлық ниет білдірушілер жұмыспен қамту орталықтарына барып, курстарға жазыла алады.

«2019 жылы кәсіптік оқумен 2931 адам қамтылды, оның ішінде әйелдер - 1849 адам (63,1%). Әйелдер аспаз-кондитер (165 адам), шаштараз (124 адам), маникюр шебері (42 адам) тігінші (244 адам) мамандығы бойынша оқыды. Қайта даярлауды аяқтағандардың жұмысқа орналасу деңгейі 85,0% - ды құрады. Әйелдер курстарды аяқтағаннан кейін шағын наубайханаға, кафеге, мейрамханаға, мектеп асханасына, балабақшаға, сұлулық салонына, ательеге, тігін цехтарына жұмысқа орналастырылды немесе жеке ісін ашып, үйде жұмыс істеді. Биыл қысқа мерзімді оқыту жалғасуда. Бүгінгі таңда 573 - і оқуға кірісті, оның ішінде әйелдердің саны -397 (69,3%)», - деді басқарма басшысы.                          

Сондай-ақ ол өз ісін ашуды немесе бизнесті кеңейтуді жоспарлағандар үшін бағдарлама аясында "Бастау бизнес" жобасы аясында оқудан өту ұсынылатынын атап өтті. 2019 жылы 2272 әйел оқудан өткен. Кәсіпкерлікті дамытуға 455 әйел шағын несие, ал 563 әйел грант алған. Бүгінде 377 әйел оқудан өткен.

Оның айтуынша, алынған шағын несиелерге, гранттарға әйелдер шағын кәсіпкерлік нысандарын ашты немесе кеңейтті. Оның қатарында тігін цехтары, наубайханалар, моншалар, кафелер, мейрамханалар, қонақ үйлер бар. Көкөніс өсіруге арналған жылыжайлар, жол бойындағы сервис объектілері, сондай-ақ мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамытуға арналған жылыжайлар салынды.

«Осыған байланысты, соңғы жылдары саудада, қоғамдық тамақтануда, ауыл шаруашылығы дайындықтарында, қызмет көрсету саласында әйелдердің жұмыспен қамтылуының өсу процесі байқалып отыр», - деп түйіндеді сөзін. 

Ауыл әйелдерінің жетістігі

Әйтеке би ауданы Шыңғытбаев атындағы орта мектептің директоры Мәншүк Күлсарина өзінің еңбек жолымен бөлісті. Өзінің айтуынша, ол 33 жыл бойы ұстаздық етіп келеді.

«Мен кәсіби еңбек жолымды мамандығыма сай Аралтоғай ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым. Ауыл мектебінде жастық жалынмен барлық шараны ұйымдастырып, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, жас маман болсам да іскерлік қабілетіммен көзге түстім. Сөйтіп 3 жылдан соң Қарабұтақ аудандық білім бөлімінің бастауыш сыныптар бойынша әдіскері атандым. 7 жылдық әдіскерлік қызметтен соң, мектеп қабырғасындағы басшылық жұмыстарға араласа бастадым. 1996-2001 жылдары Т.Г.Шевченко атындағы орта мектебінде бастауыш сыныптар бойынша мектеп директорының орынбасары болсам, 2001-2012 жылдары Еңбекту орта мектебінің директоры, 2012 жылдың қазан айынан қазірге дейін Қ.Шаңғытбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры лауазымдық қызметін атқарып келемін», - деді ол.

Ол 90 жылдық тарихы бар мектепте талай ғұламалар білім алғанын тілге тиек етіп, өзі қызмет еткен жылдардағы мектептің жетістеріне тоқталды. Ол сонымен қатар 2018 жылы Қ.Шаңғытбаев атындағы мектеп музейі ашылды. 2019 жылы өткен «Мектепке тағзым – ұрпаққа тағлым атты» форумның өтіп, мектептің кәсіпкер түлектері Жанбауов Жасталаптың хоккей кортын салып, Ембергенова Гүлжанаттың қысқы спорттық құрылғылармен қамтамасыз еткенін атап өтті.

«Мұның бәрі мектеп пен түлектер арасындағы ыстық ықыластың айғағы деп білемін. Аға-апаларының осындай қолдауын сезінген шәкірттеріміз қысқы спорт түрлерінен жақсы нәтижелер көрсетіп облыстық жарыстарда бақ сынап жүр. Одан бөлек волейбол, шахмат спортынан да біршама жетістіктерге жетіп жүрміз», - деді мектеп директоры.

Сонымен қоса ол қазіргі таңда еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан оқуға көшкенін еске салды. Оның сөзінше, аудан да, мектеп те интернет желісімен жабдықталған.

«Мұғалімдеріміздің барлығы «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты курстан өтіп, қашықтан оқуға дайындық жұмыстарын жүргізуде», - деді Мәншүк Күлсарина.

Бұдан бөлек онлайн жиында көп балалы ана, Мұғалжар ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Жаңылай Казыкулова өз сториымен бөлісті. Оның сөзінше, алғашқыда егін егумен айналысқан, кейіннен үйдің жанынан жылыжай салып, қазіргі таңда өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

«2008жылы Мұғалжар ауданы Аккемер ауылына кошип келдік. Осында мал ұстап, егин егіп тіршілік жасадык. Жолдасым жұмыссыз болғандықтан, егін егумен айналыстык, алдымен есік алдына ауламызға егіп, содан кейін оны кеңейтіп, кең далаға өсіре бастадық. Сөйтіп Аккемер ауылына, Кандыагаш каласына саттық. Отбасымызбен жұмыла кірістік», - деді ол.

Сонымен қоса оның айтуынша, мемелкеттік бағдарламаға қатысып, көлемді қаржыны аз пайызбен алғаны өз ісін алға жылжытуына себеп болған.

«2016 жылы «Даму» өзін-өзі бағдарламасынан 2 млн теңге көлемінде қаржыны 6 пайыз жеңілдікпен алдық. Ауламызға жылыжай салып, кейін осында қияр еге бастадық. Жылына 2 рет өнім аламыз. Қиындығы да аз емес, десек те ештеңе оңайлықпен келмейді. Сол себепті отбасымызбен бірге еңбек етіп, кәсібімізді дамыта жүріп, үйренудеміз. Алдағы уақытта үлкен жылыжай салып, аудан халқын көкніспен өзім қамтамасыз етсем деген жоспарым бар», - деп түйіндеді Жаңылай Казыкулова.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Бөгетсай аулының тұрғыны, көп балалы ана әрі жеке кәсіпкері Айдын Шамшина да өз тәжірибесімен бөлісті. Ол қазіргі таңда өз ісін ашып, дөңгелетіп қана қоймай, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті.

«Алғашқыда күніне 20 бәліш пісіріп, саттым. Кездескен қиындықтарға мойымай, өз ісімді әрі қарай дамытуды көздедім. Сол кездері ғимарат жалдауға, оны табуға мүмкіндігім болмағандықтан, үйдегі бір бөлмемді босатып, тұрған жиһаздың сөрелерін алып тастап, дүкендегідей стеллаж жасадым. Осылайша, өз кәсібімді ары қарай жетілдіре түстім. Бүгінгі таңда жеңілдетілген несие алып, Бөгетсай ауылының тас жолында дүкен мен кафе ашып, он бес шақты ауыл әйеліне жұмыс орнын бердім. Бала кезімнен жұмысқа дағдыланып, жасаған ісімді ылғи да сүйіспеншілікпен және жауапкершілікпен істеп үйрендім. Өзімнің ұжымыма да ризамын», - деді Айдын Шамшина.

Деректер көзі: strategy2050.kz

Последнее изменение Пятница, 28 Август 2020

О Коалиции

ОЮЛ Коалиция за «зеленую» экономику и развитие G-Global» сегодня является признанным в стране общественным и экспертным институтом по «зеленой экономике», а также входит в Совет по «зелёной экономике» при Президенте Республики Казахстан

Facebook