СҚО-да кәсіпкерліктегі әйелдер саны 42 пайызға өскен

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары  Ғани Нығыметов Қазақстанның солтүстік облыстарының «Ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту тәсілдерін іздеу және іске асыру» тақырыбында өңірлік форумында айтты. 

Өңірдегі елді-мекендерде кәсібін ашуға ниетті нәзік жан иелері санының күн санап артып келе жатыр. Бүгінде теріскейдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30,6 мыңнан асатын болса, оның 12,7  мыңын әйелдер қауымы басқарады. Яғни, кәсіпкерліктегі әйелдердің үлесі өңірде 42%ға өсті, — деді Нығметов.

Ол атағандай,  Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкер-әйелдер қауымы да мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысып, оның шарапатын көріп отыр.

2021 жылы субсидиялау бойынша кәсіпкер-ханымдардың 218 өтініші мақұлданып, оған 4 490 млн теңге несие қарастырылған. Сондай-ақ 79,1 млн теңгеге 17 грант берілген. «Қарапайым заттар экономикасы» атты жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы да кәсіпкер әйелдер үшін көп мүмкіндікке жол ашты. 2019 жылдан бастап нәзік жан иелері басқаратын кәсіпорындардың 24 жобасына қаржылай қолдау көрсетілді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы ұлттық жобаны жүзеге асыруға 6,5 млрд теңге бөлінді, — деді ол.

Айта кетейік, Ауыл әйелдерінің форумы алғаш рет 2018 жылы ұйымдастырылған болатын. Осы айналдырған төрт жыл аралығында түрлі деңгейде өткен форум 7200 қатысушыны қамтып, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікке келуі, оны іске асыруы, қиындықты жеңіп, табысқа қолжеткізуі сынды 100 тақырыпта семинар-тренингтер ұйымдастырылып, оған 326 селолық аудандардан  400 спикер тартылды.

Деректер көзі: baq.kz

Leave A Comment