Талдықорғанда ауыл әйелдерінің форумы өтті 

Талдықорғанда оңтүстік өңірлердегі ауыл әйелдерінің форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстарының іскер әйелдері қатысып жатыр. Елімізде 6 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара коронавирус пандемиясы кезеңінде онлайн форматта өткен. Биылдан бастап көшпелі болады және еліміздің Батыс, Шығыс, Орталық, Солтүстік өңірлерін түгел қамтиды.

Қорытынды шара ауыл әйелдерінің VI республикалық форумы елордада өтеді. Оған дейін өңірлік мәселелер осындай ашық диалог алаңдарында талқыланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалады. Соның ең негізгілері – әйелдер кәсіпкерлігін өркендету, өзін өзі жұмыспен қамту арқылы ауылдың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру. Форумға қатысушыларға бизнес негіздері, фермерлік дағдыларды дамыту және кооперация бойынша тренингтер өткізіледі.

Айнаш Өмірсадыққызы, кәсіпкер:

— Ауыл әйелдері форумы оңтүстік аймақтық, әсіресе ауылдың әйелдеріне деген үлкен көмек деп ойлаймын. Неге десеңіз, ауылда кәсібін жасап, жұмысын жасап жүрген әйелдер үшін қалаға апарып, өткізетін «точка» табу өте қиын. Мынандай форумдардың арқасында өзіміздің білімімізбен, біліктілігімізбен бөлісіп, кәсіптерімізді көрсетіп, бір-бірімізге үлкен қолдау деп ойлаймын.

Майра Айсина, форумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

— Әйелдердің де қақ жартысы осы ауылды жерлерде тұрады. Бүгінгі таңда бізде оқымайтын, білмейтін адам жоқ қой. Сондықтан әйелдердің де беделі өте жоғары. Белсенділігі де өте жоғары. Сондықтан осындай форумдарда кішкене шынығып, үйреніп, ертең қоғам жұмысына да аралассын деген біздің ойымыз бар. Соның өзіміз нәтижесін көріп те келе жатырмыз.

Деректер көзі: 24.kz

Leave A Comment